2026 жылдың 28 мамыр күні №1 балалар музыка мектебінің 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ғасырлар пернесі» іс-шаралар циклы аясындағы мектептің ардагер ұстазы, баян-аккордеон сыныбының педагогі Саркенова Асима Қайыржанқызымен «Ұстаздық — ұлы жол: 50 жылдық тағылым» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.
Жарты ғасырдан астам ғұмырын музыка өнері мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Асима Қайыржанқызының еңбек жолы мен шығармашылық қызметі кештің негізгі арқауына айналды. Іс-шара барысында ұстаздың кәсіби жетістіктері, шәкірт тәрбиелеудегі үлесі мен музыка саласының дамуына қосқан еңбегі кеңінен насихатталды.
Кешке белгілі баяншылар, ұстаздың әр жылдары тәрбиелеген шәкірттері, әріптестері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Қонақтар ұстаз туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.
Музыкалық бағдарлама барысында баян өнерінің үздік үлгілері орындалып, Асима Қайыржанқызының шәкірттері өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар мектептің «Серпін» домбырашылар ансамблі ұлттық өнердің көркем туындыларын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шығармашылық кездесу кешінің қорытындысында «Дарын» тобы ұстаздарға арналған жүрекжарды «Ұстазым» әнін орындап, мерекелік кештің әсерлі нүктесін қойды.
Аталған іс-шара мектеп тарихында өзіндік орны бар ұлағатты ұстаздың өнегелі жолын дәріптеп, жас ұрпаққа кәсіби шеберлік пен ұстаздық қызметтің маңызын насихаттауға бағытталды.
№1 Балалар музыка мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өткен бұл кеш қатысушыларға рухани әсер сыйлап, ұстаз еңбегіне деген құрметті арттыра түсті.










